Энергиямен жабдықтау

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АЗАМАТТЫҚ КОДЕКСІ
(ЕРЕКШЕ БӨЛІМ)

(2019.28.10. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

 

5. Энергиямен жабдықтау

482-бап. Энергиямен жабдықтау шарты

1. Энергиямен жабдықтау шарты бойынша энергиямен жабдықтаушы ұйым абонентте (тұтынушыға) жалғанған желi арқылы энергия беруге мiндеттенедi, ал абонент алынған энергия үшiн ақы төлеуге, сондай-ақ оны тұтынудың шартта көзделген режимiн сақтауға, өзiнiң қарауындағы энергетика желiлерiн пайдалану қауіпсіздігін және энергияны тұтынуға байланысты пайдаланылатын аспаптар мен жабдықтардың ақаусыздығын қамтамасыз етуге мiндеттенедi.

2. Энергиямен жабдықтау шарты жария болып табылады (осы Кодекстiң 387-бабы).

3. Тараптар үшiн мiндеттi болып табылатын энергиямен жабдықтау шартының талаптары осы Кодекске және басқа да заң актілеріне сәйкес белгiленедi.

ҚР 08.01.03 ж. № 376-II Заңымен 483-бап өзгертілді

483-бап. Энергиямен жабдықтау шартын жасасу және ұзарту

2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

1. Абонентте Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен энергия беруші ұйымның желілеріне жалғанған қажеттi жабдық болған кезде энергиямен жабдықтаушы ұйым онымен энергиямен жабдықтау шартын жасасады.

2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

2. Абонент жалғанған желiге алғаш рет iс жүзiнде белгiленген тәртiппен қосылған кезден бастап шарт жасалған болып есептеледi.

Егер тараптардың келiсiмiнде өзгеше көзделмесе, мұндай шарт белгіленбеген мерзiмге жасалды деп есептеледi және осы Кодекстiң 490-бабында көзделген негiздер бойынша өзгертiлуi немесе бұзылуы мүмкiн.

3. Мерзiм аяқталғаннан кейiн энергиямен жабдықтау шартын тоқтату немесе өзгерту туралы тараптардың бiреуiнiң өтiнiшi болмаған жағдайда ол шартта көзделген дәл сондай мерзiмге және нақ сондай талаптар бойынша ұзартылған болып есептеледі. Шартты жаңа мерзiмге ұзартқан кезде тараптардың келісімi бойынша оның талаптары өзгертiлуi мүмкiн.

4. Егер шарттың қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейiн тараптардың бiрiнен жаңа шарт жасасу туралы ұсыныс енгiзiлсе, тараптардың қатынастары жаңа шарт жасалғанға дейiн бұрынғы жасалған шартпен реттеледi.

2013.06.03. № 81-V ҚР Заңымен 484-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)